ОТБАСЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ҰМЫТТЫҚ
Исламда отбасы иманнан кейінгі негізгі құндылыққа жатады. Нені ұмыттық дейтін болса әуелі мынау отбасын ұмыттық, отбасының құндылығын ұмыттық, отбасының қасиетін ұмыттық. Отбасындағы ерлі-зайыптылар бір бірінің қадір қасиетін ұмыттық, бала тууды ұмыттық, бала тусақ көбейтуді ұмыттық. Көбейтсек бала тәрбиесін ұмыттық. Бала тәрбиесін ұмытпадық бірақ тәрбиені ұмытпай нақ баланы ұмыттық. Тәрбие бала үшін емес бала тәрбие үшін болды. Шаңырақ құруды ұмыттық, шаңырақ құрсақ үй болуды ұмыттық. Зәулім-зәулім тойханалар салуды сол жерде той жасауды ұмытпадық. Сол тойханаларда сөз беруді де ұмытпадық. Бірақ шыға бере екі жастың бақытын ұмыттық. Бақытын ұмытпадық бірақ біріміз ене біріміз шеше болып тез ажырастыруды ұмытпадық. Тойлар құдалар үшін жасалатын болды болашақ балалар, аналар үшін жасалмайтын болды. Арақ атадан қалған ас па дедік. Бірақ тойларда арақты әуелі екі жас бақытты болсын деп соларға ішкізіп әуелден құрсақты баланың белін шаптық. Құдалар ұмытылмады, жас жанұя ұмытылды. Бәрі де атақ, даңқ үшінге айналды. Құдалық көбейіп сөзіміз жасанды, өтірік болды, сыйластық көпірік болды. Бұрын екі жас отбасы ұрысса екі жағы қарсы жақты жақтайтын. Ал бұл күнде әркім өз баласын жақтайтын болды. Енесі қызын көшіріп алып кетпесе ұят болатын болды. Қысқасы су суға толды, құм құмға толды. Кешегі атам қазақтың жолы басқа біздің жол басқа болды. Екі көз жасқа, көкірек шерге толды. Қасірет басқа қонды. Елге де міне күз келді, ойланатын қазаққа кез келді.
Ұрпағы тәрбиесіз өскен елдің болашағы құрдым. Ал болашағы құрдым елдің бүгіні де құрдым.
Заманның жаманы болмайды, адамның жаманы болады.
Қоғам азса жүрекке дерт толады, сол қоғамнан бір адам жөнге келсе түгелі келгендей адамның көңілі толады.
Заман азбайды адам азады. Ол оңалмаса онымен бірге тұтастай қоғам да азады. Осылай ойлаған ел ғана озады.
Заман тозбайды, адам тозады. Бір адамның тозғаны елге дерт. Дертке шарасыздық - елдің тозағы...
Отаны ыстыққа отбасы да ыстық, отбасы жоқтың отаны да жоқ.
Отанын сатқан ғана "арсыз" емес, отбасын сатқан да арсыз.
Ойсызға өмір – той, ал ойлыға – тұтас ой.
Отбасы жоқтың отаны да жоқ деген сөз қажет емес.
Өмірі ала болғанның ұйқысы да шала болады...
Бала тәрбиесі – тәрбиелік қағидаларға көңіл бөлу емес, нақ балаға көңіл бөлу.
Қорадағы дау көбінесе қораның кенесінен шығады. Үйдегі дау көбінесе келін мен енесінен шығады. Шықпаса төбесінен шығады.
Құтырған иттің белгісі жуасы да қауіпшіл келеді,
Бұзылған елдің белгісі кәрісі де сауықшыл келеді.
Жаманмен жолдас болсаң күйесі жұғады,
Жақсымен жолдас болсаң киесі жұғады.
Жақсыға сөз айтсаң түсінбесе сөз мәнінің сырын іздейді. Жаманға сөз айтсаң түсінсе де сөз түбінен шірігін іздейді.
Мақала авторы: Мұхитдин Исаұлы.